Медиа орталық

Бауырлас елдердің инвесторлары Түркістан өңірінің әлеуетін жоғары бағалады

Бауырлас елдердің инвесторлары Түркістан өңірінің әлеуетін жоғары бағалады

Түркістанда өткен TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форум мазмұнды жиынмен жалғасты. Атап айтсақ, Түркістан төрінде Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті қорытындыларына арналған түркі сауда-өнеркәсіп палатасы одағының бизнес форумы өтті. Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің бизнес өкілдері қатысты. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бауырлас елдер арасындағы экономикалық байланыстар нығая түскенін мәлімдеді.

– Түркі әлемінің рухани астанасы, қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер. Осыдан 3 апта бұрын елордамыз Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының оныншы саммиті өтті. Оған түркі мемлекеттерінің басшылары қатысып, бауырлас елдер арасындағы татулықты нығайту, өзара қарым-қатынасты арттыруға қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған форум саммитте көтерілген бастамаларды одан әрі жетілдіруге үлкен серпін береді деп сенемін, – деген Дархан Сатыбалды Түркістан облысында Түркия, Өзбекстан және өзге де мемлекеттермен бірге маңызды жобалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Бизнес форумда Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев бұл жиын ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға серпін беретінін жеткізді. Түркістан шаһарының тарихи маңызына тоқталып, халықаралық форум арқылы ірі келісімдер жасаларына сенім білдірді. Сонымен бірге жиында Өзбекстан, Азербайжан, Қырғызстан мемлекетері мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, лауазымды тұлғалары, спикерлері экономиканы дамыту жөніндегі ұсыныстарын айтты.

Түркістан – инвестициялардың өсу қарқыны бойынша Қазақстанның жетекші өңірлерінің бірі. Облыс құрылған сәттен бастап 5 жыл ішінде, өңірге 6,3 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Оның ішінде түркі мемлекеттері ұйымы құрамындағы елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастар тез нығайып келеді.

Айта кету керек, Түркістан облысының Түркі мемлекеттері ұйымы елдері арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 400 млн. АҚШ долларын құрады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Түркістанда бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Бұл алаң бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Дереккөз: Түркістан облысының әкімдігі

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге